Дәулет Тұрлыханов кальян қолдануға тыйым салуды ұсынды

424

Халық қалаулысы тиісті мәселе бойынша заң жобасын әзірлеуді сұрап отыр. 

Дәулет Тұрлыханов кальян қолдануға тыйым салуды ұсынды Фото: arasha.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстанда кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кальянды қоғамдық орындарда қолдануға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген заңды бұзуға болады деген сөз емес қой. Бірақ пайдаға дәндеген кәсіпкерлер мұны пайдаланып қалуға тырысты. Кальян таратушылар тек өздерінің ғана емес, қасындағы адамдардың да денсаулықтарына зиянын тигізуде", - деді депутат.

Қоғамдық орындарға тынығуға барған адамдар еріксіз көрші үстелде кальян шегушілердің түтінімен тыныстауға мәжбүр, дейді ол.

"Бұған ескерту жасап, шағым айтсаңыз, көп болса, кальян шегушіге әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынуы мүмкін. Оның көлемі небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома ғана. Ал осыны ұсынып отырған кәсіпкерге ешнәрсе де болмайды. Өйткені ол заңда көзделмеген", - деді Дәулет Тұрлыханов.

Мәжілісмен осы мәселеге байланысты бірқатар шара қабылдауды ұсынып отыр.

"Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, барлық көңіл көтеру орнына рейд ұйымдастырып, кальянның елге кіруіне, оның тұтынылу заңдылығына тексеру жүргізуі қажет. Екіншіден, ДСМ еліміздегі қолданылып жүрген кальянның құрамына, шығаратын түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар Үкімет елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды, оны бұзғандарға едәуір жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуі қажет", - деп қорытындалды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу