Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көрермендерді "Аватар: Су жолы" фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасына баруға шақырып, Алматы, Астана және еліміздің өзге қалаларындағы кинотеатрлардағы осы фильмнің қазақ тіліндегі сеанстарының уақытын жариялады, деп жазады inbusiness.kz.
"Аватар: Су жолы" фильмін ел азаматтары қазақ тілінде тамашалай алуы үшін Мәдениет және спорт министрлігі бастамашылық етіп, Disney студиясымен бірігіп үлкен жобаны қолға алды. Жаңа блокбастерді қазақ тіліне дубляждап, барлық кинотеатрға берді. Әлбетте, кинотеатрлар - бизнес субъектісі. Десек те, қазақтілді контентке қолдау көрсетіп, фильмді сұранысқа ие уақытқа қойған кинотеатрлардың тізімін, кинокестесін сіздерге ұсынамыз. "Аватардың" қазақ тіліндегі нұсқасына баруға шақырамын", - деп жазды Дәурен Абаев.