Еліміздің түпкір-түпкірінен Астанаға келген кітапханашылар қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті.
Салтанатты іс-шара аясында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев кітапханашыларға "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісін табыстап, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапаттады.
"Мен еліміздегі 70 миллион дана кітап қорына қамқорлық танытып жүрген барша кітапханашыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Менің ойымша, кіптапхана ісінің қажеттілігіне және кітапхана ісінің күрделілігіне ешкім күмән келтірмейді. Дегенмен қоғам арасында "кітапханалардың ғасыры аяқталды, олардың қызметі қағаз тасығыштар дәуіріндегі атавизм ретінде ескіреді, интернет пен цифрлық трансформация арқасында қоғамдық кітапхананың орнын бір ғана смартфон баса алады" деген сынды теріс пікірлер бар. Мен мұндай пікірмен түбегейлі келіспеймін. Жалпы, технологияға көзсіз табыну мен цифрға деген соқыр сенім біздің ұрпақ санасынының құндылықтарға терең бойлауына мүмкіндік бермей, адастырады деп санаймын", – деді министр Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, қазіргі заманғы көпшілік кітапхананың функционалдығы кітаптарды сақтау, жүйелеу, цифрландыру және оқырмандарға ұсыну шеңберінен әлдеқайда көп бағытты қамтиды. Бұл ретте МСМ кітапханалар жұмысының жаңа қағидаттары мен стандарттарын кезең-кезеңімен енгізумен айналысуға дайын.
"Кітапхана – бұл білімге үңіліп, саналы түрде, жайлы ортада оқуға мұрша беретін ғибадатхана. Бізге күнделікті күйбең тірліктен арылып, руханият әлеміне енуге мүмкіндік туғызатын қастерлі орын. Сондықтан біз кітапхана ісін қолдайтын боламыз. Бұл біздің берік ұстанымымыз", – деп түйіндеді министр.
Кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала мамандарының беделін арттыру мақсатында биыл 24 қазан "Кітапханашылар күні" болып Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен бекітілген болатын.
Жалпы елімізде 11 мыңнан астам кітапхана жұмыс істейді. Оның 7 мыңнан астамы білім беру жүйесіне қараса, 3 мыңнан астамы мәдениет және спорт саласына қарасты.