Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев журналистерді Қордай ауданында болған қайғылы жағдай жөнінде ақпарат бергенде объективті болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Журналистерді Қордай ауданында болған қайғылы жағдай жөнінде ақпарат бергенде объективті болуға шақырамын. Азаматтарды алаңдататын, елді шулататын мәлімет бермеуді сұраймын. Байқасаңыздар, мына жанжал ең басында тек бір ауыл деңгейінде болған. Алайда уатсап, телеграм секілді мессенджерлер мәселені қоздырған, жағдайды ушықтырған. Нәтижесін көріп отырсыздар. Бірнеше адам қаза тауып, жарақат алды", – деді Дәурен Абаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министр әрбір таратқан ақпаратқа жауап барын ұмытпау керектігін айтып өтті.
"Бұл да айтылған сөз сияқты – қайтара алмайсыз. Сондықтан аудио-видеоны таратқан кезде абай болыңыздар. Сіз таратқан ақпараттан кінәсіз біреудің зардап шекпеуін ойлау қажет. Осы тұста тек журналистерге ғана емес, еліміздің әрбір азаматына ескерткім келеді. Біз "Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" деген Абайдың еліміз ғой, ағайын. Асығыс шешім қабылдамайық. Сабыр сақтайық. Бұл жанжалды бастағандар ешқайда қашып құтыла алмайды. Қазір интернетке, барлық әлеуметтік желіге, мессенджерге мониторинг жасалуда. Ол жерде видео-аудиохабарлар – барлығы қадағаланады", – деді ол.
Дәурен Абаев қазірдің өзінде бірнеше қолданушылар анықталып отырғанын, олар ұлтаралық араздықты қоздыратын хабарды таратқанын жеткізді.
"Дезинформация тудырған. Ол мәліметтер құқыққорғау органдарына беріледі. Бұл жанжанды бастағандар да, оған қоса барлық провокаторлар да жауапқа тартылады. Комиссия қазір Қордай ауданына бара жатыр. Барлық жағдайды комиссия хабарлайды. Біз қазір ҚХА өкілдерін, жергілікті ақсақалдарды, қоғам қайраткерлерін, имамдарды тарта отырып, халықты сабырға шақырамыз. Қазір елді дүрліктіретіндей негіз жоқ. Жағдай бақылауда", – деді ол.