Алматы облысында далалық шығу кезінде сарбаз қаза тапты

788

Далалық шығу кезінде 19 жастағы сарбаз басын жаралап, ауруханада қаза болды, деп жазады inbusiness.kz.

Алматы облысында далалық шығу кезінде сарбаз қаза тапты

Ұлтық ұланның баспасөз қызметінен хабарланғандай, 5571 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, Алматыда жедел мақсаттағы бірінші батальонның жеке құрамы 8-13 тамыз аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық шығуда болған.

"9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл басталып, желдің күші шатырларды қирата бастады. Әскери қызметкерлер эвакуациялана бастады. Басқаларға шатырлы қалашықтан шығуға көмектесіп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер А.Н.Шахимовтың өзі шатырдан соңғы болып шыққан. Сол сәтте металл қаңқа оның басын жаралады. Алғашқы көмек көрсетілгеніне қарамастан, сарбаз Қонаев қаласының ауруханасында қайтыс болды", – деп жазылған ақпаратта.

Қатардағы жауынгер А.Н. Шахимов 2003 жылы туған. Әскерге 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы шақырылған.

Аталған факті бойынша себептері мен мән-жайлары анықталуда, қызметтік тергеу жүргізілуде.

"Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы мен "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы қатардағы жауынгер А.Н. Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", – деп толықтырды Ұлттық ұланнан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу