Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус келесі коронавирус пандемиясының жаңа тегеуріндеріне тап болатынымызды мәлім етті.
Оның айтуынша, келесі жылы COVID-19 дертінің жаңа түрлері пайда болады. Гебрейесус вирустың жаңа штамын анықтаған елді тез арада ұйым мен басқа да елдерді хабардар етуге үндеді. Сонымен қатар ол ДДСҰ әлемнің барлық дерлік ғалымдарымен бірлесе коронавирустың жаңа түрін және оның қалай таралатынын зерттеп жатқанын жариялады. Ұйым өкілі Мария Ван Керкхове коронавирустың мутацияға ұшырау табиғи құбылыс екенін жеткізді.
14 желтоқсанда Британияда вирустың жаңа штамы табылғаны хабарланған еді. Ғалымдар жаңа штамм бұрынғысына қарағанда тез тарайтынын мәлім етті.Осы жағдайға байланысты бірқатар ел Британиямен арадағы көлік қатынасын тоқтатты. Дегенмен де жаңа штамм Еуропа, Азия және Солтүстік Американың бірқатар еліне жеткені анықталды.
Джонс Хопкинс Университетінің соңғы дерегі бойынша, әлемде вирус жұқтырғандардың саны 81 миллионнан асты. Осы күнге дейін дерттен 1,7 миллион адам қаза тапты.
Табиғат Нұрболат