ДДСҰ: COVID-19 індетінің қауіптірек штамының пайда болу қаупі бар

1134

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы коронавирус індетінің тағы да бұрынғыдан қауіптірек штамының пайда болу қаупі барын ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

ДДСҰ: COVID-19 індетінің қауіптірек штамының пайда болу қаупі бар

"Індет тараған сайын оның дельта-нұсқадан да қауіпті бола түсу ықтималдығы жоғары. Олардың түрлері көп болған сайын вакцинаға күш бермей кету қатері де мол. Сондықтан мұндайда біз әу бастағы оқыс жағдаймен тағы бетпе-бет келуіміз мүмкін", - деді сәрсенбіде ақпарат таратқан ДДСҰ директоры Тедрос Аданом Гебрейесус.

Ұйым басшысынан әр тараптан "пандемия қашан аяқталады?" деген сұрақ жиі қойылады екен.

"Шынында да, COVID-19 бен пандемия біздің алдымызға көптеген мәселені көлденең қойды. Пандемия – сынақ. Оны әлем еңсере алмай келеді. Мен сөз сөйлеп тұрған сәттің өзінде COVID-19 індетінен жүздеген адам опат болады. Ал олимпиада оты жанатын 8 тамызға қарай коронавирустан тағы 100 мың адам қайтыс болады", - дейді ДДСҰ басшысы.

Ұйым басшысының есептеуінше, әлем "қолда барлық құралдарға қарамастан",. – "нақты саяси жағдайлардың жоқтығынан" пандемияға нүкте қоя алмай отыр.
"Мемлекеттердің үкіметтері, әсіресе G20 елдері ұжымдық күш-жігер таныта отырып, адамдардың өмірін құтқару үшін барын салуы керек. Егер әлемнің жетекші экономикалары қаласа, пандемияны санаулы айлардың ішінде бақылауға ала алады. Егер олар вакцинаны басқа елдерге бөліссе, оны өндіру ауқымын да ынталандырар еді", - дейді ол.

Тедрос Аданом Гебрейесустың пайымдауынша, 2022 жылдың ортасына дейін әр елдің халқының 70% екпе алса, коронавирус пандемиясы тоқтап, әлемдік экономика қайта даму жолына түседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу