Бұл туралы inbusiness.kz сайты ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус әлеуметтік желідегі Х аккаунтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған шешім 19-27 мамыр аралығында Женевада өтіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық ассамблеясының 78-ші сессиясында қабылданды.
Келісімді 124 ел қолдады, қарсы дауыс бергендер болмады, ал 11 ел дауыс беруден бас тартты.
Келісім ресми түрде 20 мамырда Дүниежүзілік денсаулық ассамблеясының пленарлық отырысында қабылданады. Оның мақсаты – болашақ пандемиялық қауіптерге қарсы алдын алу шараларын күшейту, дайындық пен жедел әрекет ету бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус бұл келісімді "тарихи" деп атады.
"Резолюцияны мақұлдау үш жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер нәтижесінде жүзеге асты. Бұл келіссөздер COVID-19 пандемиясы кезінде үкіметтердің бастамасымен басталып, алғаш рет осындай халықаралық құжат жобасын талқылау процесіне айналды. Келісім пандемияның алдын алу, оған дайындық және әрекет ету саласындағы кемшіліктер мен теңсіздіктерді жоюға бағытталған. Сондай-ақ, бұл құжат елдер, халықаралық ұйымдар (оның ішінде ДДСҰ), азаматтық қоғам, жеке сектор және басқа да мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге көмектеседі" – делінген ДДСҰ мәлімдемесінде.
2021 жылғы желтоқсанда, COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған кезеңде, ДДСҰ-ға мүше елдер Үкіметаралық келіссөздер органын (ҮКО) құру туралы шешім қабылдады. Бұл орган ДДСҰ Жарғысына сәйкес пандемиялардың алдын алу, дайындық және әрекет ету шараларын күшейтуге арналған конвенция, келісім немесе басқа халықаралық құжатты әзірлеу және келісу жұмыстарын атқарды.