Қазақстанда декларация тапсыру уақыты 2024 жылдың 16 қыркүйегінде аяқталған болатын, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Министрлік мәліметінше, 2024 жылдың 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі шеңберінде заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайы болып табылатын 2 миллионнан астам жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00-нысан) ұсынды.
Декларация ұсынбаған салық төлеушілерге салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарлама жіберілген. Мұндай SMS-хабарлама алған адам 30 жұмыс күнінде декларацияны ұсыну, түсініктеме беру арқылы бұзушылықты жоюы шарт.
– Мұндай салық төлеушілерге банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтата тұру түріндегі шаралар қолданылады. (Салық кодексінің 118-бабы 1-тармағының 1-тармақшасы). Салық төлеуші декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), "Электрондық үкімет" порталы (egov.kz) және "E-Salyq Azamat", "eGov mobile" Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz. мобильді қосымшалары арқылы ұсына алады, - делінген хабарламада.