Декоммунизация саясаты партиямыздың ресми бағытының бірі – Азат Перуашев

1056

"Ақ жол" демократиялық партиясының құрылтайы өтіп жатыр.

Декоммунизация саясаты партиямыздың ресми бағытының бірі – Азат Перуашев

Кезектен тыс XVI Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасы, сайлауға дайындықтың өзекті бағыттары және Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі талқыланады.

Партия төрағасы Азат Перуашев декоммунизация саясаты партияның ресми бағыттарының бірі екенін мәлім етті.

"Қазақ еліне Алаштан артық идея жоқ. "Ақ жол" демократиялық партиясы мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуді қолдайды. Өткен жылы партия Үкіметте еліміздің Қазақ Республикасы деген төл атауын қайтару туралы мәселені көтерді. Қазақ Республикасы деген мемлекеттік атауды қайтарған жөн деп санаймыз. Біз кеңестік тоталитарлық биліктің қазақ халқына әдейі жасаған ашаршылықты халықаралық деңгейде "зұлмат" деп тануға шақырамыз. Коллективизация кезінде большевиктердің қазақ көтерілісін басып-жаншуын және ауылын құтқару үшін басын өлімге тіккен батырлардың ерлік істерін қайта қарау керек. Тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін декоммунизация саясатын партиямыздың ресми бағыттарының бірі деп жарияладық", – деді Азат Перуашев.

"Ақ жол" басшысы шетел азаматтарына жерді жалға бермеу керек екенін ерекше айтты.

"Келесі жылы шетелдіктерге жер сатуға қойылған мораторий уақыты аяқталады. Сеператистік пиғылдарды болдырмау мақсатында шетелдіктерге жерді сатуды ғана емес, көршілес елдердің азаматтары мен компанияларына жерді жалға беруге де тиым салуды талап етеміз. Тарихи отанына оралған қандастарымызды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етіп, көмек көрсетуіміз керек. Осы және басқа да ұсыныстарымыз Алаш қайраткерлерінің ұстанымдарынан туындайды. Алаш идеясын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы деп қараймыз", – деді партия төрағасы.

Азат Перуашевтің сөзінше, мемлекет пен халық тек табиғи байлық пен тәуелсіздікке ғана емес, парламентаризм, адал бәсекелестік, ашық әрі зайырлы ұлттық қағидаттарға сүйене отырып өзгеруге тиіс.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу