"Декретке миллионмен": республика бойынша мыңнан астам әйел тергеліп жатыр

743

Алдын ала залал сомасы 3 млрд теңге болды.  

"Декретке миллионмен": республика бойынша мыңнан астам әйел тергеліп жатыр Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді алу бойынша заңсыз схемаларға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдердің шекті мөлшерін заңнамалық реттеу шараларының уақытылы қабылданбауы салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтері 67 млрд теңгеден астам сомаға шығынға ұшыраған. Сонымен қатар іріктемелі аудит нәтижесінде 17 мың әлеуметтік төлем алушының жүктілік және босану бойынша төлемін негізсіз ұлғайту мақсатында 42 жұмыс орнына дейін жалған жұмысқа орналасу фактілері анықталған. Аталған тұлғаларға төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы көлемі 28,6 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді тоқтату немесе тоқтата тұру тетігінің болмауы салдарынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 28,3 млрд теңгеден астам экономикалық шығын келтірілген", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Үнзила Шапақ анықталған 17 мың жалған жұмысқа орналасу фактісі бойынша қанша іс сотқа жеткенін және олардың нәтижесі бойынша қанша тұлға жауапкершілікке тартылғанын сұрады.

"Аталған фактілер бойынша мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бюджетіне нақты қанша қаражат қайтарылды? Осындай заңсыз схемалардың қайталануына жол бермеу үшін Қаржы министрлігі тарапынан қандай цифрлық бақылау шаралары енгізілмек?", – деді ол.

Қаржы министрі Мәди Такиев биылғы ақпан айынан бері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Қаржы министрлігіне ауысқанын атап өтті.

"Қалқан" жүйесі іске қосылды. Бүгінгі таңда оған 1755 аурухана қосылған. Сіз көтеріп отырған мәселелер бойынша жұмыс әлі де қарастырылып жатыр. Ішкі аудит жүргізілуде. Бұған дейін айтқанымдай, осы айдың ішінде толық бітіреміз, содан кейін сізге толық ақпаратты берейін", – деді ведомство басшысы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай елдің 13 өңірінде 38-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

"Барлық іс құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір бұл істер бойынша 1000-нан астам әйел тергеліп жатыр. Алдын ала залал сомасы 3 млрд теңге болды. 9 қылмыстық іс бойынша заңсыз схемаларды ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты", – деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу