"Декретке миллионмен" сабағымда ешкімге заңсыз әрекет үйретпедім – Дәулет Мұқаев

Ол аталған курсты 2023 жылға дейін жүргізгенін растады. 

"Декретке миллионмен" сабағымда ешкімге заңсыз әрекет үйретпедім – Дәулет Мұқаев Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты әрқашан egov.kz сайтындағы заңды мәліметтерге сүйенгенін айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Дәулет Мұқаев өзіне бағытталған түрлі сынға қатысты жауап берді.

Рас, соңғы уақытта оның "Декретке миллионмен" курсы жайында ел пікірі қақ жарылды. Әсіресе, "миллионер ана атанамын" деп заңсыздыққа барғандар жайлы жаңалықтан соң депутатқа күйе жағатындар көбейді. "Курс сатып байыды", "болашақ аналарды заңсыз декретке шығарды" деп айыптағандар да болды. Дәулет Мұқаев өзіне қарата айтылған сынға әлеуметтік желідегі парақшасында жауап қатты.

Ол курсты 2023 жылға дейін жүргізгенін растап, онда ешқандай заңсыздықты үйретпегенін нақтылады.

– 2023 жылға дейін "Декретке миллионмен" сабағымда бар нәрсені түсіндіргенім үшін кей адамдар ғайбат айтып жатыр. Бірақ олар 100% менің сабағыма қатыспағандар! Сондықтан мені босқа қаралап, өзіңізге күнә арқаламаңыздар! – деді ол.

Депутат курс барысында тек ресми ақпаратты халыққа түсінікті тілде жеткізгенін айтты. Тіпті, egov.kz сайтындағы заңды мәліметтерге сілтеме де жасады.

– Менің 2 сағаттық видео сабағымда 1 емес, 7 рет "өтірік ЖК ашпаңыздар!" деп ескерткенмін! – деп сөзін қорытындылады депутат.

Негізінен egov.kz сайтында бір реттік төлем ретінде 1 миллион теңге емес, заңды түрде 2,5 миллион теңгеге дейін алуға болатыны көрсетілген. Осыны алға тартқан ол өз курсының тек ақпараттық сипатта болғанын және ешкімді заңсыз әрекеттерге шақырмағанын ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу