"Делайте, мен үшін жастар төбелеседі": Қаржаубай төбелесті бастауға кімнің бұйрық бергенін айтты

Бұған дейін, яғни 29 сәуірде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу алдындағы жауабында "Чика" есімі айтылған еді. 

"Делайте, мен үшін жастар төбелеседі": Қаржаубай төбелесті бастауға кімнің бұйрық бергенін айтты Фото: Бейнежазбадан

Бүгінгі сотта да іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов пен іске куәгер ретінде қатысып жатқан Самат Әбдіқадыр арасында тергеуде болған беттестіру видеосы көрсетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Онда Қаржаубай Нұрымов оқиға болған күні жанжалға қатысушыларға Самат Әбдіқадыр нұсқау жасап, "делайте" деп айтады. Бірақ ол оны өз жауабында жоққа шығарған. 

– Мен дүкеннің алдында тұрдым. Сол уақытта Нұрқанат екеуі сөйлесіп тұрғанда, осының (куәгер Самат Әбдіқадыр) аузынан шықты, "мен шалмын ғой, мен төбелеспеймін, мен үшін жастар, жігіттер төбелеседі" деді. Оны Нұрқанатқа (Ғайыпбаев) айтты. "Нұрқанаттан бәрі дұрыс па?" деп сұрағанымда, "бәрін танимын" деп төмен түсіп бастағанда,"делайте" деді, осы сөз осының аузынан шықты, Мен ақырын магазинге кіріп, телефонмен хабарласып жатқанымда мынау "делайте" деген соң, жігіттер төбелесті бастап жіберді, – дейді Қаржаубай Нұрымов видеода.

Куәгер Самат Әбдіқадыр 28 сәуірде өткен сот процесіне келіп, сұрақтарға жауап берді. Ол сотталушы Дидар Қалиахметовты өзінің бауыры, яғни бөлесі екенін айтты. 

– Сол күні мен, бауырым Дидар Қалиахмет және досымыз Дәулет моншадан шықтық. Моншадан шығып бірден дүкенге келдік. "Қамажай" дүкенінің алдына. Ол жерде бір топ бала, 7-8 бал тұрды. Жарық түсетін прожектор бізге қарап тұрды, сондықтан ондағы олардың түрін байқамадық. Дидар, сосын Дәулет өтіп кетті, артынан біреу келіп амандасты. Марқұм болған Нұрқанат Ғайыпбаев "ерегеске келдіңдер ме?" деп сұрады. Мен "жоқ, не істейміз оны, біз шалмыз ғой, көлікке келдім" дедім. Нұрқанатты сол күні бірінші рет көрдім. "Шал емес сияқтысыңдар ғой, қатар сияқтымыз" ғой деді. Мен "қай жылғы боласыңдар?" дедім, ол 1994 жылғы екенін айтты, мен "үлкен екенсіңдер" дедім де, дүкенге кіріп кеттік, онда сатушы болмады. Дидар сатушыны шақырып еді, Қаржаубай аға кірді. Біз сыра алайын деп жатқанбыз. Ақшаны шығарып, төлейтін кезде сырта апыр-топыр дауыс естіліп кетті. Қаржаубай аға "сатпаймын жігіттер" деді. Сыртқа шығып, бірден көлікке отырдым. Біздің көлігімізді арттан Мерседес жауып тастаған екен. Көлікті алып, шығып кеттік, – дейді куәгер.

29 сәуірде Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыған еді.

Онда "Чика" атты жігіт дүкеннің алдында қалған жігіттерге "делайте" деп пәрмен бергені айтылады. Адвокат Мейірман Шекеев "Чика" сотта тек куәгер ретінде жауап бергенін айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу