Екі мыңнан астам Нью-Дели тұрғыны мен қонағы Наурыз мерекесін тойлады, деп хабарлайды inform.kz.
Мерекелік шараны Үндістандағы елшіліктер ұйымдастырды, оның қатарында Қазақстан елшілігі де бар. Оны әншілер, би және саз ансамбльдері өнер көрсететін дәстүрлі жәрмеңке ретінде өткізді.
Сондай-ақ ұйымдастырушы елдер дастархан жайып, ұлттық тағамдарын қойды. Үндістанда Наурыз үшінші мәрте кеңінен аталып өтті. Биылғы көктем мерекесін атап өтуге келген қала тұрғындары мен қонақтарының саны бұрынғыдан көп болды. Келушілердің дені Наурыз үнді халқына етене таныс әрі жақын болып бара жатқанын атап өтті.
Мәдени бағдарлама аясында музыкалық-би ансамблі өнер көрсетті. Дели тұрғындары қазақ халқының сазы, әні және биін жақсы қабылдады. Көмей сазын орындап, шаңқобызда ойнаған Анар Қасымова, қобыз шерткен Дариға Қадырова, сондай-ақ халық биін билеген алматылық A'DIVA би ұжымының өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Қонақтар Қазақстан дипломаттары әзірлеген ұлттық ас мәзірі наурыз көже, қуырдақ, бауырсақ, ірімшік, жент, құрттан ауыз тиді, қазақ шеберлерінің қолынан шыққан кәдесый, картина және ұлттық киімдерді тамашалады.