"Delta Bank" АҚ салымшыларына өтем төлеу жарты жылға ұзартылды

425

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры "Delta Bank" АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем төлейтін агент банк – "Банк ЦентрКредит" АҚ-мен арадағы келісімнің қолданылу мерзімін соңғы күнін қоса алғанда, 2021 жылдың 23 мамырына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Тараптар тиісті келісімге қол қойды.

"Delta Bank" АҚ салымшыларына өтем төлеу жарты жылға ұзартылды

Көрсетілген мерзім ішінде "Delta Bank" АҚ салымшылары агент банкке жүгініп, кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті тікелей немесе сенім білдірілген тұлға арқылы ұсына алады. Жеке өзі келген жағдайда салымшының жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті, ал сенім артылған тұлға келетін болса, құқық белгілеуші құжаттарды ұсынады (мысалы, нотариус куәландырған сенімхат).

Атап өту керек, "Delta Bank" АҚ салымшыларына кепілдік берілген өтем агент банк арқылы 2018 жылдың 17 мамырынан бері төленіп келеді. Екі жылдан астам уақыттың ішінде жалпы сомасы 102,3 млн теңгеге өтем төленді. Бұл қор міндеттемелерінің жалпы сомасының 51 пайызын құрайды. Барлығы 327 салымшы депозиттері бойынша өтем алды. Бұл "Delta Bank" АҚ салымшыларының жалпы санының 12 пайызына тең.

Агент банк арқылы белгіленген төлем мерзімі аяқталған соң, "Delta Bank" АҚ салымшылары тікелей Қорға, дәлірек оның Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы бөлішелеріне жүгіне алады. Елміздің басқа өңірлерінде тұратын салымшылар өтініштерін және нотариус куәландырған құжаттарын пошта арқылы жіберу мүмкіндігіне ие.

Бұл оларға қосымша шығын келтіретіні белгілі. Сондықтан қор салымшыларға кепілдік берілген өтемді алу үшін агент банктің бөлімшелеріне жүгінуді ұсынады. Ал бұл үшін алдын ала 505 нөмірі (ұялы телефон арқылы хабарласу тегін), 8 (727) 244 30 30 немесе www.bcc.kz. сайты арқылы банк бөлімшесінің жұмыс тәртібін анықтап алған жөн.

Еске салсақ, агент банк кепілдік берілген өтемді жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің шоттары, карточкалары және депозиттері бойынша төлейді.

Кепілдік мөлшері:

ұлттық валютадағы қаражаттар бойынша – 10 млн теңгеден;
шетел валютасында қаражаттар бойынша (банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша) – 5 млн теңгеден аспайды.

Салымшылар кепілдік берілген өтем алудың өздеріне ыңғайлы тәсілін: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен немесе өтініш берушінің банк шотына аудару арқылы алуды таңдауға құқылы. Бұл ретте банк деректемелері салымшының өтінішінде нақты көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу