8-9 қазанда Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өз өнімдерін Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстары ұсынады, деп жазады inbusiness.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратта көрсетілгендей, жәрмеңкеге 130-ға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатыспақ.
Аталған өңірлер 1200 тоннаға жуық өнім әкеледі. Олардың ішінде: картоп пен көкөністер - 741 тонна, еттің барлық түрі және шұжық өнімдері – 208 тонна, сүт өнімдері – 45 тонна, балық – 20 тонна, бал – 26 тонна, ұн мен макарон өнімдері – 148 тонна, жұмыртқа – 125 мың дана және т.б. өнімдер бар.
Жәрмеңке Тұран даңғ., 48 мекенжайындағы "Астана-Арена" стадионының жанындағы алаңда өтеді.
Айта кету керек, 15-16 қазанда Елордаға Павлодар облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз өнімдерін әкеледі.