Демалыста жүрсе де ерлік көрсетті: Қарағандыда полицей өрттен бес баланы аман алып шықты

163

Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері өртке оранған пәтерден бес баланы құтқарып, қайғылы жағдайдың алдын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Демалыста жүрсе де ерлік көрсетті: Қарағандыда полицей өрттен бес баланы аман алып шықты Фото: POLICE_of_KZ

Оқиға бүгін көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Үйіне қайтып бара жатқан Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқайды. Қауіптің үлкен екенін бірден түсінген ол еш кідірместен оқиға орнына жеткен.

Қалың түтінге қарамастан жоғары қабатқа көтерілген полицей пәтерге кіріп, ішінде қалып қойған бес баланы сыртқа алып шыққан. Оның жедел әрі батыл әрекетінің арқасында балалар дін аман құтқарылды.

Балалардың қауіпсіз жерде екеніне көз жеткізгеннен кейін тәртіп сақшысы қайтадан өртеніп жатқан пәтерге кірген. Алдымен электр желісін ажыратып, өрттің ұлғаюына себеп болуы мүмкін қысқа тұйықталудың алдын алған. Кейін оқиға орнында болған екі тұрғынмен бірге өрт сөндірушілер жеткенше жалынды ауыздықтауға күш салған.

Осылайша полицейдің дер кезінде қабылдаған шешімі адам шығыны болуы мүмкін ауыр оқиғаның және өрттің кең таралуының алдын алуға мүмкіндік берді.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, Дінмұхамет Сұлтан бұл ерлікті қызмет барысында емес, өзінің еңбек демалысы кезінде жасаған. Соған қарамастан ол кәсібилік пен азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті.

Құтқарылған отбасының көршісі ержүрек полицейдің әрекеті туралы хабарлап, бес баланың өмірін аман сақтап қалғаны үшін оған алғысын жеткізді.

Бұл оқиға полиция қызметкерінің анты мен халық алдындағы жауапкершілігі жұмыс уақытымен ғана шектелмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу