Дендросаябаққа кәсіпкерлер балалар алаңшасын салып бермек

818

Демалыс күндері Шымкент дендросаябағына келетін қалалықтардың саны орта есеппен 5 мыңға жетеді.

Дендросаябаққа кәсіпкерлер балалар алаңшасын салып бермек

Асанбай Асқаров атындағы Шымкент дендросаябағы қалалықтардың ең сүйікті орындарының біріне айналуға тиіс. 117 мың гектар алқапты алып жатқан саябақты көркейту үшін кәсіпкерлердің қолдауы қажет. Шаһар басшысының бұл ұсынысын жергілікті кәсіпкерлер қолдай кетті, деп хабарлайды otyrar.kz.

Демалыс күндері Шымкент дендросаябағына келетін қалалықтардың саны орта есеппен 5 мыңға жетеді екен. Келушілердің қатарын көбейту үшін саябақты көркейту қажет. Осы мақсатта кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері саябаққа арнайы келіп, болашақта қолға алынатын нысандар туралы ой бөлісті.

Айта кетейік, өткен жылы бюджеттен 290 млн теңге қаражат бөлініп, саябаққа кіретін қосымша екі қақпа тұрғызылды. Салауатты өмір салтын ұстанатындарға ыңғайлы төсеніштен жүгіру және веложолдар салынды.

Қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалаған шаһар басшылығы мердігерлерге жаяу жүргіншілерге арналған 8 мың шаршы метр жолдың кей бөлігін қайта төсеуді тапсырды.

Биыл Шымкент дендросаябағына алғашқы тал дарағының отырғызылғанына 40 жыл толады. Бүгінде мұнда 95 мың түп көпжылдық түрлі ағаштар бар. Алайда оларды суару жүйелері сын көтермейді. Сала мамандары осы олқылықтарды түзету үшін биыл бюджеттен 11 млн теңге қаралып отыр дейді.

"Бұл жер 117 мың гектар алқапты алып жатыр. Кейбір жеріне су жетпейді, темір құбырлар шіріген. Біз қалпына келетінін жөндеп, жөнге келмейтініне жоба жасадық. Сол жобада қанша қаражат керек екендігі белгілі болады", – дейді Шымкент қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев.

Дендросаябаққа келген қонақтар үшін жасалған жолсілтегіш картаны да жаңарту қажет. Әжетхана мен ауызсу мәселелеріне де ден қою қажет екен. Шаһар басшылығының дендросаябақты көркейтуге өз үлесін қосамын деген кез-келген тұрғынға есігі ашық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу