"Денистің достары" бағдарламасында әлемдік мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары қатысты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Мұзды шоу Дениске жол көрсетіп, бағыт сілтеген бапкерлерге құрмет көрсетуден басталды. Жанкүйерлер Фрэнк Кэрролл мен Елена Буянованы (Водорезова) құрметпен қарсы алды. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев кештің қадірлі қонақтары қатарында болды.
Әлемдік мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздарын Қазақстанға шақырып, шоу ұйымдастыруды Денистің өзі бастаған болатын. Алғаш рет еліміздегі мұзды шоу 2013 жылы ұйымдастырылды. "Денис пен оның достары" деп аталатын шоу-бағдарлама қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер арасында да үлкен танымалдыққа ие болды. Шоуды тамашалау үшін әлемнің бірнеше мемлекетінен туристер арнайы Қазақстанға келетін.
Ал шоу қатысушылары "Денис пен оның достары" жоғары деңгейде ұйымдастырылатын, мәнерлеп сырғанау әлеміндегі теңдессіз жобалардың бірі екенін алға тартады.
Денис ұйымдастырған әрбір шоу қызыққа, шынайылыққа толы болатын. Ең бастысы – халықты бір арнаға тоғыстырып, Қазақстанды бірлігі жарасқан ел ретінде көрсету туралы үлкен арманы сақталды. Бүгінде оның бастаған ісі аяқсыз қалған жоқ. Чемпионды еске алу үшін биыл да жанкүйерлер мен оның достары, мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары Алматыға жиналды. Арнайы ұйымдастырылған іс-шараға Мао Асада, Елена Радионова, Кейтлин Вивер, Эндрю Поже, Иван Букин, Александра Степанова, Мура Такахито, Сергей Воронов, Мари Пьер Лерай, Софья Шевченко, Егор Еременко, Дабин Чой, Джереми Эббот сынды Денистің достары жиналды.
Айта кетелік, Қазақстан ҰОК Денис Тен қоры ұйымдастыратын барлық жобалар мен аталған шоу-бағдарламаларға қолдау көрсетеді.