Алматы қаласы Түркісіб және Алмалы аудандарының ішкі істер басқармасының полицейлері Ердос Еркінбек пен Сержан Адалбай өз нұсқаларын айтты.
Еркінбектің сөзінше, дабыл түскен бойда оқиға орнына 4-6 минутта жетіп келген. 5-6 адамның ортасында жаралы адам етбетімен қансырап жатқан. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жанындағылардан дәрі-дәрмек сұраған. Ал жедел жәрдем болса, 10-12 минутта келіпті.
Екінші полицейдің айтуынша, оқиға орнына барлық құраммен бару туралы тапсырма түскен. Келген бойда жаралыны қоршап, кафеден спирт алдырып, көмек көрсетілген.
"Жақын маңда автоайна толы сөмке жатты. Оның көше бойында тұрған Лексус көлігіне тиесілі екені анықталған соң, көлік те қоршауға алынды", – деді ол.
Полицейдің сөзінше, сол маңда тағы басқа куәгерлер болған. Бірақ олар әлі табылған жоқ.
Еске сала кетейік, белгілі спортшы Денис Теннің қазасына қатысты сот отырысы Алматыда 25 желтоқсаннан бастап өтіп жатыр.