Денис Тенді өлтіргендердің жазасы жеңілдетілді

217

Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде ұрылар қолынан қаза тапты.

Денис Тенді өлтіргендердің жазасы жеңілдетілді Фото: Денис Тен

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өмірден өткеніне 6 жыл болды. Спортшының өліміне кінәлілер жазасын қайда және қалай өтеп жатқаны белгілі болды. Сот қылмыскерлердің жазасын жеңілдетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов 2019 жылы 17 қаңтарда Денис Теннің өліміне кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шықты. Сотталғандар Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түзеу мекемесіне жіберілді.

Ал олардың сыбайласы Жанар Толыбаеваға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеді. Алайда 2019 жылдың желтоқсанында ол қамаудан босатылды. Сот оның денсаулық жағдайын және қамауда екінші баласын дүниеге әкелгенін ескеріп, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы шешім қабылдады. Ол кейінірек колонияға оралып, 2021 жылдың желтоқсанында түбегейлі босатылды.

Араға уақыт салып спортшыны өлтірген қылмыскерлердің жазасы жеңілдегені белгілі болды. 

“2023 жылы 19 қазанда Қонаев қалалық соты Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №12 мекемесі басшысының қатаң режимдегі мекемеде отырған Нұралы Қиясовтың жазасын жеңілдету туралы ұсынысын қарады. Бұған 2023 жылғы наурызда қабылданған "Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық іс жүргізу және жазаны атқару саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа Заң себеп болған. Заңға сәйкес, қасақана қылмыс жасағаны үшін екі жылдан астам мерзімге сотталмаған, бұрын соңды бас бостандығынан айырылмағандар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуге тиіс”, – деп жазды басылым.

Сондай-ақ Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 7 ай 29 тәулік тергеу изоляторында болу мерзімі күніне жарты тәулікпен есептелуін, яғни тағы 4 айды мерзімге қосуды ұсынған.

Сот Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 17 наурыздағы Заңын басшылыққа ала отырып, Алматы облысы және Жетісу ауданы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №12 мекемесі басшысының қамауда ұстау мерзімін есептеу туралы ұсынысын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2019 жылғы 17 қаңтардағы үкімімен сотталған Қиясов Нұралы Даулетбекұлына тағайындалған жазаны өтеу орны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесі болып белгіленді.

Екінші сотталушы Арман Құдайбергеновке де қатысты осындай ұсыныс қаралды. Судья сонымен қатар оның үкім шығарылғанға дейін қамауда болған 4 айын санап, оны қатаң режимдегі мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстыру туралы шешім шығарған.

“Қазір Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Олар колонияда жұмыс істемейді, өйткені онда жұмыс орны тапшы. Оларға қалыпты жағдай жасалған. Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, олар жылына екі ұзақ және алты қысқа мерзімді кездесуге шығуға құқылы”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Арман Құдайбергенов те, Нұралы Қиясов та денсаулығына шағымданбаған.

Айта кетсек, Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде ұрылар қолынан қаза тапты.

Қайғылы оқиға 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда болған. Денис кафеден шығып, көлігінің айналарын екі жігіттің ұрлап жатқанын көреді. Қаша жөнелген оларды қуып жеткен спортшыға бір ұры жамбасынан пышақ салады. Нәтижесінде артериясы зақымдалып, қөп қан кетеді. Кейін спортшы ауруханада көз жұмды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу