Денис Теннің өліміне күдіктілер тағылған кінәні мойындамай отыр

892

Теннің отбасының қорғаушысы спортшының өліміне себеп болған айна ұрланған сәтті екі полицейдің көруі мүмкін екенін айтты.

Денис Теннің өліміне күдіктілер тағылған кінәні мойындамай отыр

Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасты. Прокурор Қуандық Досов сотталушыларға қатысты айыптау актісін оқыды, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Айыптау актісінде айтылғандай, Денис Теннің өліміне күдікті Арман Құдайбергенов 2018 жылдың маусымында Шагабутдинов - Шевченко көшелерінің қиылысында тұрған Жаңқабаевтың Lexus көлігінің айнасын ұрлаған. Келтірілген шығын 608 мың теңгені құрады. Өзінің қылмысын жасыру үшін Құдайбергенов айналарды Шаңырақтағы сайға лақтырып кеткен. 

"Сонымен қатар, Құдайбергенов 11 шілдеде заңсыз жолмен ақша табу пиғылымен Астанадағы күйші Дина көшесінде Шəмшиевтің көлігінің айнасын шешіп кеткен. Осыған байланысты Құдайбергеновке ҚР ҚК 188-бабы бойынша айып тағылды", – деді прокурор сот отырысында. 

Ал Денис Тен көз жұмған 19 шілде күні сотталушылар Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева, Арман Құдайбергенов "Магнум" сауда үйінен ас үй пышағы мен қолғап сатып алған. Құрманғазы көшесінен шығысқа қарай Байсейітова көшесінде "LEXUS 708 02" көлігінің тұрғанын байқайды. 

"Олар көліктерін "Достық" қонақ үйінің қасына қалдырып, Теннің автокөлігіне жаяу жақындаған. Толыбаева жан-жағына қарап, адамдардың қарасы азаюын, ыңғайлы сəтті күтіп, 7 метр ара қашықтан аймақты бақылап тұрған. Құдайбергенов болса, көліктің айнасын шешіп алып, көлік иесіне 199 мың теңге шығын келтірген. Сол сəтте Денис Тен Толыбаеваның қасынан өтіп, көлігінің жанында бөтен адамның тұрғанын көреді. Оның көлік айнасын ұрлап жатқанын байқаған соң, айнасына жармаса кеткен", – делінген айыптау актісінде. 

Досовтың айтуынша, осы сәтте Құдайбергенов Байсейітова көшесіне қарай қаша жөнелген. Ал Тен көп ұзамай оны қуып жеткен. Сол арада Құдайбергенов пен Тен арасында төбелес басталған. 

"Құдайбергенов шалбарының белбеуін шығарып, Теннің бетінен ұра бастаған. Сол сəтте Қиясов рюкзактан пышақты алып арт жағынан келген. Қиясов қылмысты жасыру үшін оны өлтіруді ойлаған. Құдайбергенов Тенді ұстап тұрады. Сол кезде Қиясов Денис Теннің оң жақ санының артериясының жоғарғы тұсынан екі рет пышақ салған", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Алайда үш күдікті де адам өлтіргендерін мойындамай отыр. 

Президент Денис Теннің өлімін тергеуге қатысты: халық полиция мен сотқа наразы
Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы 25 желтоқсанда өткен еді. Сот алдына үш адам келді – Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Отырыста күдікті әйелдің аяғы ауыр екені белгілі болды.

Отырыста жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров Денис Тен тапсырыспен өлтірілді деп мәлімдеп, соттан істі қосымша тергеуге жіберуді сұраған болатын. Бірақ судья істі қайта тергеуге жіберудің қажеті жоқ деп шешті. 

Бұдан бөлек, Теннің отбасының қорғаушысы спортшының өліміне себеп болған айна ұрланған сәтті екі полицейдің көруі мүмкін екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу