"Денсаулығы жарамсыз" сарбаздар әскерде қайдан жүр? – Қорғаныс министрлігі жауап берді

Жуырда сенатор Амангелді Нұғманов әскерге шақырылушылардың медициналық тексеру жүйесіне көңілі толмайтынын айтты. 

"Денсаулығы жарамсыз" сарбаздар әскерде қайдан жүр? – Қорғаныс министрлігі жауап берді Фото: Kazakhstan Today

Соған орай Қорғаныс министрлігі денсаулығына шағымы бар азаматтардың әскерден табылуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, шақырту алған ер-азаматтар өз ауруы туралы мүлдем білмейді немесе медициналық комиссиядан өту уақытында әдейі жасырады.

Ал "денсаулығы жарамсыз" сарбаздардың кінәраты жүктеме күшейген сәтте байқалатын көрінеді.

– Мерзімді қызметтегі сарбаздарда аурудың болу фактілері бар. Кейде әскерге шақырылушылар медициналық комиссиядан өткен кезде өзінің ауруы туралы білмейді немесе жасырады. Мұндай аурулар олардың әскери қызметке бейімделу кезеңінде, физикалық және психологиялық жүктеме күшейген жағдайда көрінеді, - деп жауап берді Қорғаныс министрлігі.

Еске салайық, Қазақстанда әскерге шақырылушылар заң бойынша медициналық тексеруден екі кезең арқылы өтеді. Ведмоство мұны да еске салды.

– Бірінші кезең – шақыру комиссиясының қорытындысын шығара отырып, қорғаныс істері жөніндегі басқармалар жанындағы Аудандық деңгейде медициналық куәландыру. Осы кезеңде амбулаториялық және стационарлық тексерулерді жүргізу үшін уақыт шектеулері белгіленбеген. Екінші кезең – қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің құрама пункттеріндегі медициналық тексеру. Бұл аудан деңгейінде мүмкін болатын кемшіліктерді анықтау үшін қажет, – деп хабарлады министрлік.

Өз кезегінде Сенат әскери комиссариаттағы медициналық комиссияға емес, емханадағы учаскелік дәрігерге "әскерге жарамды" не "әскерге жарамсыз" мәртебесін беруді ұсынған болатын. Тиісінше, Қорғаныс министрлігі мұндай ұсынысты қолдауға бейіл екенін айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу