Денсаулық сақтау министрі Бас мүфтимен донорлық және вакцинациялау мәселелерін талқылады

262

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Қазақстанның Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрі Бас мүфтимен донорлық және вакцинациялау мәселелерін талқылады Фото: www.gov.kz

Министрліктің мәліметінше, кездесудің негізгі тақырыбы вакцинациялау және ағза донорлығы мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру мәселелері болды.

Әңгімелесу барысында Денсаулық сақтау министрі вакцинациялау еліміздің денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Алайда, соңғы жылдары Қазақстанда да, бүкіл әлемде де екпе алудан бас тарту үрдісі өсуде, бұл иммунизацияланбаған адамдар санының артуына және егілмеген азаматтардың арасында инфекциялық аурулардың өршуін тіркеуге ықпал етеді. 

– Инфекциялық аурулардан және олардың ықтимал зардаптарынан қорғайтын профилактикалық екпелерден бас тарту балалардың денсаулығына қауіп төндіреді, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Министр сонымен қатар вакцинациядан бас тартудың басты себептерінің бірі ата-аналардың діни сенімдерінің әсері екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) ынтымақтастықты күшейтуді жоспарлап отыр. Осы ынтымақтастық шеңберінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен вакцинациялаудан бас тартуға әсер ететін діни факторларды анықтау, сондай-ақ байланыс олқылықтарын және вакцинациялауға кедергі келтіретін басқа да ықтимал факторларды зерделеу үшін зерттеу жүргізіледі.

Соңғы 10 жылдың ішінде республикада трансплантология саласында әлемдік стандарттар деңгейіне айтарлықтай прогресс жасалды. Еліміздің әрбір азаматына ағзаларды трансплантаттау бойынша ең күрделі қымбат операциялар қолжетімді болды, трансплантаттаудан кейін пациенттер өмір бойы терапияны мемлекеттің есебінен тегін алады.

Медициналық көмектің осындай деңгейін қамтамасыз ету үшін елде 7 трансплантаттау орталығының жұмысын үйлестіретін бейінді республикалық орталық, қайтыс болғаннан кейін донорды дайындау үшін медициналық қызмет көрсететін 40-тан астам донорлық ұйым, сондай-ақ 5 өңірде донор мен реципиенттің иммунологиялық үйлесімділігі айқындалатын типологиялық зертханалар жұмыс істейді, деп хабарлады ведомство басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу