ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыға ұшып барды. Әуежайдан түсе салған бетте ат басын Талғарға бұрған Елжан Амантайұлы қаладағы орталық аурухананың жай-күйімен танысып, науқастардың жағдайын білді, деп хабарлайды 24.kz.
Соңғы 2 күнде Талғар қаласында 300-ге жуық адам жедел жәрдем шақыртқан. Солардың ішінде тек 30-ы ғана ауруханаға жеткізілген екен. Осы тұста министр аурухана қызметкерлеріне қатаң ескерту жасап, нақты тапсырмалар жүктеді.
"Ескі жүйе бойынша жұмыс жасауды тоқтату керек. "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасында бәрі жазылған. Сондықтан дәрігерлер науқасты ары-бері жылжытпай барлық қажетті интенсивті терапияны осы жерден беру керек", - деген министр менингококк инфекциясын жұқтырып қайтыс болған 5 жасар бала мен 19 жастағы қыздың өліміне қатысты мәселе бойынша қазір денсаулық сақтау комитеті сараптама жүргізіп жатқанын жеткізді. Кінәлілердің барлығы заң бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.
"Жалпы елімізде менингитке қарсы шаралар халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бірақ халыққа түсіндіру жұмыстары тым баяу. Сондықтан қоғамда осындай алаңдаушылық туып отыр", - деген сала басшысы енді Алматы қаласы мен Қаскелеңдегі аруханаларды аралауды жоспарына енгізді.
"Бұрын жағдайда тек ғана газет болған. Одан кейін газет пен телевидение болған, одан кейін интернет порталдар, қазір әлеуметтік жүйелер, фейсбук, Твиттер сонымен қазір халықта ақпарат көп. Көп жағдайда дұрыс түсінбейді. Әрине арнайы мамандық білімі болмағаннан кейін тікелей осындай жағдайда сіздерді мазалайды. Біз түсінеміз. Қазіргі күндерде жұмыстарды дұрыстап ұйымдастырып мамандарды қолдап, мен көріп отырмын бүкіл мүмкіндіктер бар", - деді Біртанов.