Министрлік Ербаян Мұхтардың өлімінің ресми себебін жариялады

582

Оның жағдайы аса ауыр күйде болған.  

Министрлік Ербаян Мұхтардың өлімінің ресми себебін жариялады Фото: Мақсат Шағырбаев

Денсаулық сақтау министрлігі сарбаз Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы оның өмірін сақтап қалу үшін күресті.

"Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды", – делінген хабарламада.

Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілгені айтылды. Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберіліп, онда бастапқы диагноз расталды.

"2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді", – деп хабарлады министрлік.

Айта кету керек, бұған дейін әскерге сау кетіп, ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу