Денсаулық сақтау министрлігі онколог дәрігерлердің тапшылығын қалай шешеді?

205

Елімізде онколог мамандардың тапшылығы мәселесі бар. 

Денсаулық сақтау министрлігі онколог дәрігерлердің тапшылығын қалай шешеді? Фото: freepik.com

Тиісті мәселе туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Семейде Абай облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты ядролық медицина онкологиялық орталығы бар. Бірақ бүгінгі таңда бұл орталық ұлттық мәртебе алғысы келеді. Себебі олар ғылыми зерттеулермен айналысқысы келеді. Абай облысы онкологиядан адамның өлімі бойынша алдыңғы қатарда тұр. Не себепті? Олар өздері зерттегісі келеді, штатта бірқатар маманы бар, бірақ ұлттық мәртебе болмағандықтан, ешқандай ғылыми гранттарға, қаржыландыруға қолы жетпей отыр. Соған байланысты соңғы үш жылда сіздерге ұсыныс берілген болатын. Бірақ ұлттық мәртебеге байланысты шешім қабылданбай отыр", - деді депутат "Онкология қызметінің проблемалары мен даму перспективалары" тақырыбындағы көшпелі отырыста.

Бұдан бөлек Жұлдыз Сүлейменова кадрлық даярлық мәселесіне де тоқталды.

"Қазір Қазақстанда 1,5 мыңнан астам дәрігердің, онкологиялық мамандардың тапшылығы сезіліп жатыр. Кез келген орталыққа жақсы штат керек. Үшінші мәселе тарифке байланысты. Жалпы онкологиялық қызметтегі медициналық қызметтердің тиісті тарифтерін, оның ішінде техникалық қызмет көрсетуге және амортизациялық аударымдарға арналған шығыстарды бекіту туралы сіздерге ұсыныс енгізген едік. Сол ұсыныстарымыз жауапсыз қалды", - деді Мәжіліс депутаты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елімізде жылына 200-ден астам онколог маман даярланатынын айтты.

"Осы жылдан бастап резидентураға 2,5 мың грант бөлінетін болады. Өткен жылы 1,5 мың грант еді. Сәйкесінше онколог дәрігерлердің тапшылығын осымен қоса шешеміз деп ойлаймыз. Шетелде оқыту бойынша бізде бөлек бюджеттік бағдарлама бар. Осы жылы онкологтарды шетелде оқыту бойынша 500 млн теңге қаражат жоспарланған", - деді ДСМ өкілі.

Тимур Сұлтанғазиев онколог мамандарды шетелде оқыту бойынша былтырғы қаражат неге игерілмей қалғанын түсіндірді.

"Өздеріңізге белгілі, Израильде өте жақсы онкологиялық орталықтар бар. Біздің дәрігерлер үшін тілдік кедергілер жоқ. Соны қарастырған болатынбыз. Өкінішке қарай, ол жақтағы геосаясатқа байланысты дәрігерлеріміз жіберілмеді", - деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу