Денсаулық сақтау министрлігі Медицина қызметкері күні қарсаңында өтетін "Өз кәсібінің үздігі – 2026" республикалық конкурсының жеңімпаздарын анықтайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда байқаудың республикалық кезеңі өтіп жатыр. Өңірлік іріктеуден өткен мамандар арасынан 17 аталым бойынша үздіктер таңдалады. Жеңімпаздардың әрқайсысына 500 АЕК көлемінде сыйақы беріледі.
Байқау аясында стационар және жедел жәрдем дәрігерлері, ауыл медицинасы мамандары, мейіргерлер, фельдшерлер, акушерлер, оқытушылар, ғалымдар және фармацевтикалық сала өкілдері марапатталады.
Байқау медицина мамандықтарының беделін арттыру, сала қызметкерлерін ынталандыру және денсаулық сақтау саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен үздік дәрігерлерге "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы беріледі.
Министрлік мәліметінше, соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі артып келеді. Өткен жылы бұл бағыттағы қаржы 4,5 млрд теңгеден асқан, ал 2024 жылы 2,2 млрд теңге бөлінген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерге жұмысқа барған 1760 дәрігер әлеуметтік қолдауға ие болып, оның ішінде 529 маман 8,5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем алған.