Денсаулық сақтау министрлігі үнемделген 70,5 млрд теңгені тегін дәрі-дәрмекке бағыттады

92

Босатылған қаражат онкологиялық, жүрек-қантамыр және аутоиммундық ауруларды емдеуге арналған 7 инновациялық препаратты тегін дәрілер тізібесіне енгізуге мүмкіндік берді. 

Денсаулық сақтау министрлігі үнемделген 70,5 млрд теңгені тегін дәрі-дәрмекке бағыттады Фото: iStock

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі сатып алу жүйесін реформалаудың нәтижесінде үнемделген 70,5 млрд теңгені азаматтарды қосымша дәрілік қамтамасыз етуге бағыттады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауқымды үнемдеуге өндіруші зауыттармен тікелей келісімшарттарға көшу және БҰҰ-ның халықаралық ұйымдары арқылы сатып алуды кеңейтудің есебінен қол жеткізілді. Сонымен қатар Министрлік тегін дәрілік заттардың тізбесін оңтайландырып, өмір сүру ұзақтығына әсер етпейтін 90 тиімсіз позиция мен нозологияны алып тастады. Босатылған лимиттер диспансерлік есепте тұрған пациенттердің дербестендірілген қажеттіліктеріне бағытталды.

Оң динамика 2026 жылы да сақталуда: сауда рәсімдерін цифрландырудың есебінен 47 млрд теңге үнемделді. Дәрілік қауіпсіздікті нығайту мақсатында 2026–2027 жылдары "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторының жеке қоймалар желісін салу жоспарлануда. Жеке операторлардың қызметінен бас тарту бюджетте жыл сайын шамамен 1,7 млрд теңгені қосымша үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ведомство сапалы импорттық препараттардың нарығына қолжетімділікті де жеңілдетуде. 2026 жылы жеделдетілген тіркеу рәсімі қолданылатын елдер тізіміне (АҚШ, ЕО, Жапония, Ұлыбритания) Түркия мен Оңтүстік Корея қосылады. Бұл ретте сапа бақылауы күшейтілген режимде сақталады: өткен жылы сараптама барысында 112 препараттың стандарттарға сәйкес келмейтіні анықталып, жанама әсерлеріне байланысты 30 тіркеу куәлігінің қолданысы тоқтатылды.

Реформаның маңызды кезеңдерінің бірі — дәрілік заттарды цифрлық таңбалауды енгізу болды. Бұл дәрі-дәрмек айналымын "көлеңкелі" сектордан шығаруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде бөлшек саудадан түсетін салық түсімдері 24%-ға (қосымша 24 млрд теңге) артты және дәріханаларда тегін берілетін 15 мың қаптаманың қайта сатылуының жолы кесілді. Биыл биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті таңбалауды енгізу, ал 2027 жылдан бастап медициналық бұйымдарды таңбалау жоспарлануда.

Дәрі-дәрмек беру процесі "Әлеуметтік әмиян" сервисінің арқасында барынша ашық бола түсті. Электрондық рецепттер тағайындаулардың шамамен 90%-ын қамтып, пациенттерге қызмет көрсету уақытын екі есеге қысқартты. Кері байланыс үшін тәулік бойы жұмыс істейтін "1439" байланыс орталығы іске қосылды, онда өтініштерді жедел өңдеу үшін жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу