Депутаттар денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңның жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және оның мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді. Біріншіден, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігі жетілдірілді. Атап айтқанда, мынадай нормалар көзделген: сақтандыру ұйымдарына сақтандыру жарналарын төлеуді медициналық қызметтер көрсетуге арналған тарифтерді ұлғайту есебінен денсаулық сақтау субъектілері ғана жүзеге асыратын болады; медициналық қызмет көрсету мәселелері бойынша пациенттердің өтініштерін қарау тәртібі анықталды.
Айталық, тәуелсіз сараптама жүргізу жөніндегі нормалар көзделген. Оның қорытындысы сақтандыру жағдайының басталу фактісін растау үшін ғана қолданылатын болады; сақтандыру жағдайының басталу фактісі расталған кезде сақтандыру төлемдерінің мөлшері нақтыланды, олардың мөлшері пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру дәрежесіне байланысты болады", – деді құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова.
Сонымен қатар, дауларды сотқа дейін шешу тетігі енгізіледі.
"Науқас "дәрігер қатесі" салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келгенін айтып шағымданғанда, шағымды тәуелсіз сараптама комиссиясы қарауды ұсынады. Оның қорытындысы пациентке сақтандыру төлемін жасауға негіз болады. Төлем мөлшері келтірілген зиянның дәрежесіне байланысты болады. Атап айтқанда, қайтыс болған жағдайда – 3000 АЕК; мүгедектікті белгілеу: бірінші топ – 800 АЕК, екінші топ – 600 АЕК, үшінші топ – 500 АЕК; мүгедек балаға – 500 АЕК; мүгедектік анықталмағанда – 300 АЕК", – делінген Мәжіліс таратқан хабарламада.