Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, яғни 1 трлн теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін. Бұл саланың көптеген бағыттарын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлер жалақыларының 2,3 есе өскендігін айтып кеткен жөн. Тұрғындардың медициналық көмекке жұмсалатын қалта шығындары 34%-дан 28%-ға дейін азайды", – деді министр.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың барлық көздерінен бөлінетін шығыс көлемі жалпы ішкі өнімнің 4%-ы болды.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілу мерзімі "COVID-19" пандемиясымен қатар келді. Сонымен қатар, жарнапұлдардың бастапқы параметрлері 1,4 және 3,5 есеге қысқартылды. Бұл бюджеттің кіріс бөлігіне әсер етті. Мұндай жағдайда кіріс бөлікті кезең-кезеңімен ұлғайтып, жарнапұлдардың бастапқы параметрлерін қайтару немесе қабылдаған кепілдіктерді қайта қарау керек", – деді ведомство басшысы.