Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Заң жобасы шамадан тыс заңнамалық регламенттеуді болғызбауға жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды Фото: norma.uz

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып отыр. 

Заң жобасы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған құқықтық нормаларды қамтыған. Құжат аясында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңына өзгерістер енгізуді көздейді. 

– Бұл заң жобасы артық әкімшілік реттеуді азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік органның шешімдерін қабылдау процесін жеделдету, оның ішінде тиісті тәртіпті айқындайтын нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу кезінде өкілеттіліктерін кеңейту арқылы аса маңызды қоғамдық қатынастарды жедел жүзеге асыруға мүмкіндік пайда болады. Заң жобасы арқылы мемлекеттік органдардың қызметінде артық регламенттелген нормаларды Кодекстен алып тастап, министрлік туралы ереженің деңгейіне көшіруді көздейді. Іс жүзінде көбіне мемлекеттік органның қандай да бір шешім қабылдауы үшін, алдымен тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуі талап етіледі. Мемлекеттік органның арнайы құзыреттері мен өзге де нақтылайтын нормалары бұдан былай заңға тәуелді актілер деңгейінде белгіленеді және оларда мемлекеттік органдардың заңнамалық нормаларды іске асыру жөніндегі өкілеттіктері жазылады, – деді Ақмарал Әлназарова.

Кодекске жобасы 160-тан аса түзету енгізу қарастырылған. Оның 14-ін министрлік туралы ережеге ауыстыруға байланысты Кодекстен алып тастау ұсынылған. 

Министрдің сөзінше, заң жобасын іске асыру барысында денсаулық сақтау саласындағы артық әкімшілік реттеуді қысқарту және осы саладағы рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған нормаларды дебюрократизациялау, сонымен қатар қайталанатын нормаларды жою жағы ескерілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу