Денсаулық сақтау жүйесіне "реанимация" керек – Асхат Аймағамбетов

401

Мәжілісте денсаулық сақтау саласын дамыту перспективасы талқыланды. 

Денсаулық сақтау жүйесіне "реанимация" керек – Асхат Аймағамбетов Фото: egemen.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Негізі біз бір мәселені ашық айтуымыз керек. Денсаулық сақтау саласына ақша көп бөлінеді деп жиі айтамыз. Енді көлемін айтатын болсақ, 2 трлн теңгеден астам ол көп шығар. Бірақ біз сұрақты басқаша қоюымыз керек сияқты. Бұл бөлініп жатқан қаражат жеткілікті ме? Әрине, бұл қаражат жеткіліксіз. Бұл қаражат тиімді игеріліп жатыр ма? Әрине, тиімділігі бойынша сұрақтар тым көп", - деді депутат.

Мәжілісмен саладағы түйткілді мәселелерді атады.

"Дәрілер ескіріп кеткен деп айтып жатсыз ғой. Бірақ ол неге ескіріп кетеді? Неге барлық медициналық ұйым оны ертерек сатып алады? Өйткені Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы дәл соны айтып отыр. Сол бұйрықты өзгерту керек. Халықтың ішінде өте жақсы шешім қабылданды. Мамандарға жүгінгенде терапевтке бармай-ақ, тікелей баруға болады деген. Көптен бері көтеріліп жүрген мәселе. Бірақ бұл өте жақсы шешім. Егер жалпы тәжірибе дәрігерін алып тастайтын болсақ, бүкіл азамат енді тікелей невропатолог сияқты басқа дәрігерлерге баратын болса, онда сұраныс та көбейеді. Олар келеді де, анализдерге жібереді, КТ-ға, МРТ-ға жібереді. Бірақ проблема неде? Сызықтық шкала бар. Ертең соған тіреліп қалады. Басында бұл жақсы қабылданады, бірақ сіздер әр мекемеге айына 10 КТ, 5 МРТ дегеннен кейін олар одан көп тағайындай алмайды да, мынау шешімнің бағасы, қазақша айтқанда, бес тиын болып қалуы мүмкін. Бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесіне үлкен реанимация керек сияқты", - деді Асхат Аймағамбетов.

Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл мәселеде шұғыл батыл шешімдер қабылдайды деп сенім білдірді.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте денсаулық сақтау саласын дамыту перспективасы талқыланғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу