Денсаулық салымы мол салаға айналды

946

Денсаулық саласына құйылған инвестицияның көлемі бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, 305 млрд теңгені құрады. 

Денсаулық салымы мол салаға айналды

Пандемия өршіген 2020 жылы Қазақстанның денсаулық саласына салынған инвестиция 305,1 млрд теңгені құрап, жылдық өсім бірден 2,2 есеге көбейді, деп жазады finprom.kz. 

Адамзатты дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясы бүгінде әлемнің 220 елінен анықталып, 95 млн адам індетті жұқтырған. Соның ішінде Қазақстан вирустың таралуы мен көрсеткіші жағынан "сары сызыққа" енген. Пандемия басталғалы елімізде COVID-19 расталған 170 мың адам тіркелген.  

Коронавирустың өршуіне байланысты дүниежүзі денсаулық саласына ерекше көңіл бөле бастады. Қазіргі таңда Қазақстанда вирусқа қарсы жаппай егу жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. 2021 жылдың соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина салынады деп күтілуде. 

Денсаулық саласына салынған инвестиция көлеміне қайтадан оралсақ, қаржының басым бөлігі Алматыға салынған – 48,3 млрд тг, бұл көрсеткіш құн тұрғысынан алғанда, былтырғыдан 3,5 есеге көп екенін көреміз. Содан кейінгі орында тұрған Қарағанды облысына 26,8 млрд тг құйылып, жылдық өсім 3,5 есеге көбейген. Алғашқы үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Бұл өңірдің денсаулық саласына 25,9 млрд теңгенің инвестициясы құйылып, алдыңғы жылдан 75,9%-ға өскен.

Барлық 17 өңірдің ішінде Атырау облысы (2,6 млрд теңге, 18,8%-ға аз) мен Шымкентте (8,1 млрд тг, жылдық алым 6,5% ) ғана инвестиция көрсеткіші төмендеген. 

Капиталдық салымдардың 41,8%-ы  жергілікті бюджеттен қаржыландырған: инвестицияның көлемі 127,6 млрд теңгені құрап, жылдық өсім 3,3 есеге артқан. Ал салымның 75,2 млрд теңгесі жекеменшік қаржы есебінен құйылса, 17,7%-сы республикалық бюджеттен алынған. Оның көлемі 53,9 млрд, бұл алдыңғы жылға қарағанда 42,7%-ға артық көрсеткіш.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу