2022 жылдың II тоқсанынан бастап халықтың ақша жинау белсенділігінің артуы, салымдардың барлық түрлері бойынша оң серпін байқалады.
"2022 жылы тұрғындар үшін ең тартымды ақша жинау құралы ұлттық валютадағы салымдар болды (үлесі 64,8%). Бұған теңгелік депозиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерінің шетел валютасындағы депозиттерге қарағанда айтарлықтай жоғары болуы септігін тигізді. Айталық, теңгедегі жинақ депозиттер бойынша шекті мөлшерлеме желтоқсанда 18,3%-ға жетті", – деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.
Мерзімділік құрылымына қарай айтар болсақ, депозиттік өнімдердің ішіндегі ең танымалы – мерзімсіз депозиттер.
"Өйткені оларды кез келген уақытта алуға және толықтыруға болады. Жеке тұлғалардың депозиттерінің жиынтық портфелінде мерзімсіз салымдардың үлесі 62%-дан асады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мерзімсіз депозиттер 33,2%-ға артып, 2023 жылдың 1 қаңтарына қарай 10,5 трлн теңгеге жетті", – деп хабарлады қор.
2022 жылдың соңына қарай теңгелік жинақ салымдар портфелінің жиынтық көлемі 1,1 трлн теңгеден асты. Бұл түсінікті де. Өйткені олардың табыстылығы және сақталуына кепілдік берілетін максималды сома басқа депозит түрлеріне қарағанда әлдеқайда жоғары.