Депозиттерге кепілдік беру қоры қандай қаржы құралдарына кепілдік береді?

604

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры тиісті ақпарат жариялады.  

Депозиттерге кепілдік беру қоры қандай қаржы құралдарына кепілдік береді? Фото: economica.com.ua

Елімізде депозиттік базаның өсуі байқалады, деп жазады inbusiness.kz.

Қордың хабарлауынша, депозиттік базаның өсуі халықтың жинақ ақшаларын сақтау құралы ретінде банк салымдарына басымдық беретінін көрсетіп отыр.

Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылуы мүмкін шетелдік банктердің филиалдарындағы шоттарда ұлттық және шетел валютасында жатқан қаражаттары ҚДКБҚ-ның кепілдік беру нысандарына жатады.

"2023 жылдың ақпан айының басына қарай – бұл ислам банктерін қоспағанда, өз қарамағында депозиттік өнімдері бар барлық екінші деңгейдегі банктер. Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізбесімен осында танысып шығуға болады. Сәйкесінше банк шотын немесе банк салымын ашу жөніндегі шарт жасалған сәттен бастап, ҚДКБҚ кепілдіктері қолданылады. Яғни сол ашылған салымдардың барлық түрлеріне және олар бойынша банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыларға кепілдік беріледі. Сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларында жатқан ақшалар да ҚДКБҚ қорғауына алынған. Банк лицензиясынан айырылған жағдайда максималды сома шегінде кепілдік берілген өтемді ала алатыныңызды ұмытпаңыз. Кепілді өтем ұлттық валютадағы жинақ слымдар бойынша – 20 млн теңгені, ұлттық валютадағы өзге салымдар, шоттар, карточкалар бойынша – 10 млн теңгені, сондай-ақ шетел валютасындағы салымдар, шоттар және карточкалар бойынша – 5 млн теңгені (банк лицензиясынан айырылған күнге бекітілген валюта айырбастау бағамы бойынша) құрайды", - делінген қор таратқан хабарламада.

Егер таңдаған банкте түрі мен валютасына қарай бірнеше депозит (салымыңыз) болса, барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдық сомаға кепілдік беріледі. Бірақ ол 20 млн теңгеден аспайды. Бұл ретте әрбір депозит түрі бойынша кепілдік берілген шекті сомалар ескеріледі.

"Депозит бойынша кепілдік берілген максималды соманы банкте банк шоты немесе банк салымы шартын жасасу барысында нақтылап алу қажет. ҚДКБҚ салымды кепілдік берілген максималды сомадан асырмауға кеңес береді. Егер ақшаңыз одан асып кететін болса, басқа банкте қосымша депозит ашқан жөн. Осылайша сіз өзіңізді тәуекелдерден қорғайсыз. Өйткені, депозиттер бір емес, бірнеше банкте ашылған жағдайда кепілдік әрбір қатысушы банк бойынша жеке-жеке беріледі", - деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры.

Ал егер банк лицензиясынан айырылып, ол аздай депозиттегі ақша кепілдік берілген максималды сомадан асатын болса, онда сол артық ақшаны "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" заңымен бекітілген кезектілік тәртібі бойынша банктің тарату комиссиясынан алуға болады. Атап өту керек, тарату комиссиясын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды.

Қор кепілдіктері қолданылмайтын қаржы құралдары:

  • жеке тұлғалардың металл шоттары;
  • банк ұяшықтарында орналастырылған ақшалар мен құнды заттар;
  • депозиттік сертификаттар;
  • заңды тұлғалардың депозиттері;
  • ислам банктерінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналастырылған депозиттер.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу