Депутат: "6 айдан кейін жұмыртқа өндірісі тоқтайды"

501

Бұлай жалғаса берсе, отандық нарық импортқа тәуелді болып қалады.

Депутат: "6 айдан кейін жұмыртқа өндірісі тоқтайды" Фото: inbusiness.kz

Жарты жылдан кейін елдегі жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өйткені, мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болмайтын салада тоқырау бар. Бұлай жалғаса берсе, отандық нарық импортқа тәуелді болып қалады. Осылай, деген Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов, Үкімет басшысы атына депутаттық сауал жолдады.

Елдегі жұмыртқа өндірушілер субсидияға мұқтаж. Оларға бұған дейін уәде етілген, бірақ іс жүзінде жүзеге аспай келеді. Қазақстандағы жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары 12 мыңнан астам халықты жұмыспен қамтып отырғанын естен де шығармаған жөн. Сол себепті Үкімет жедел шешімдер қабылдап, қаржылай қолдау көрсету тетігін тапқаны абзал. Әйтпегенде, алты айдан кейін өндірістер тоқтап қалады, -дейді мәжіліс депутаты.

"Құс шаруашылығы саласындағы өндірістік процестің ерекшелігіне байланысты өндірісті уақытша тоқтата тұру немесе ішінара қысқарту көптеген құс фабрикаларын жабылуға әкеледі. Осыған байланысты, субсидиялау қағидасына жұмыртқа құс шаруашылығын тез арада енгізу қажет деп санаймыз", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов.

Санкцияларға байланысты ресейлік тауарөндірушілер өнімдерін біздің елге көптеп әкеліп жатыр. Бағасы арзан болғандықтан нарықты еркін жайлап барады. Олардың қатарында жұмыртқа да бар. Біздегі өндірушілер бәсекелес бола алмай отыр. Өйткені, көрші елде қаржылай қолдау бар және жем де арзан.

"Ол жақта үкіметтің көмегі өте жоғары. Оларда несие ретінде ақша беріледі. Ең төменгі жылдық пайыздық мөлшерлеме 2,5 пайыз дейді. Субсидия, гранттар көп. Грант деген ол қайтармайтын ақша, тек жоба дұрыс болу керек", - деді Қазақстандағы құс өсірушілер қауымдастығының мүшесі Ербол Досыбаев.

Павлодар облысындағы ет өндіретін "Қызылжар-құс" фабрикасы жабылып қалғалы бір жарым жылға жуықтады. Салдарынан 150 адам жұмысынан қысқарған. Жұмыртқа шығаратын кәсіпорын да жабылудың аз-ақ алдында тұр. "Шарбақты-құс" өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемін 62,2 пайызға азайтып жіберді. Мәселен, былтырғы қаңтар айында 4,6 млн дана тауық тұқымын сатылымға шығарса, биыл 2,8 млн жұмыртқа өндірді. Өйткені, құстың басы 150 мыңға кеміп кеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу