"Заң жобасы өте әлсіз": Депутат адам саудасына тосқауыл болатын құжат туралы

269

Парламенттің төменгі палатасында адам саудасына қатысты заң жобасы қаралды.

"Заң жобасы өте әлсіз": Депутат адам саудасына тосқауыл болатын құжат туралы Фото: Бақытжан Базарбек/facebook.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек адам саудасына қарсы іс-қимыл бойыншазаң жобасына шүйлікті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заң жобасында "интернет желісі арқылы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау" үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазір әртүрлі сайттарда жыныстық қызмет көрсету, адам ағзалары мен тіндерін сатып алу, сату, сондай-ақ балаларды заңсыз асырауға беру туралы жарнамаларды көруге болады. Заманауи технологияларды ескере отырып, мұндай чаттар шетелде де, бізде де ашылады. Мұнда республика азаматтары және шетелдіктер ұйымдастырушылар бола алады. Осыған байланысты бірнеше сұрағым бар. Осындай хабарландыруды бақылауды қашан қолға аласыздар? Мұндай жабық топтар қалай анықталады? Егер олар шетелде болса, осындай чаттарды ұйымдастырушылар қалай жауапқа тартылады? Заң жобасын қарасам, өте әлсіз, механизмдері аз. Қарастырылып отырған заң жобасында осындай әрекеттерді жарнамалауға тыйым салу механизмдерін байқап отырған жоқпын", - деді депутат.

Бұдан бөлек мәжілісмен министрліктің осыған дейін берген ресми жауабы ұнамағанын да жасырмады.

"Қолымда сіздің орынбасарыңыз – Лепеханың (ред. – Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепаха) жауабы. Осыған дейін бірнеше сұрақ қойдым. Жезөкшелік, притондардың үстінен қарап отыратын полиция қызметкерлері деген позицияны әлі де ұстанып отырмын. Осыдан бір жыл бұрын қанша полиция қызметкері жауапқа тартылды деген сауал қойдым. 2023 жылы бар болғаны 5 полиция қызметкері жауапқа тартылыпты. Егер осы іске кірісіп, мына ақпараттың бәрін жоққа шығарсам, бұл ақпарат жалған боп қалады ғой", - деді Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек. 

"Бүгінде "Кибернадзор" деген бағдарлама бар. Сол бойынша осыны анықтаған сәтте оған тосқауыл қоямыз. Қылмыстық әрекеттері бар осындай жарнамаларға 6 мыңнан астам тосқауыл қойдық. Оның ішінде осы заң жобасына қатыстысы – 620. Өкінішке қарай, оның (сайт) жетекшілері көбінесе шетелде отырады. Құқықтық көмек көрсету бойынша мемлекеттермен келісімге қол қойып жатырмыз. Факт анықталған кезде оларға сұрау жібереміз. Орынбасарымның сізге жауабы бойынша 4 деген нақты факті шығар. Өкінішке қарай, ондай фактілер бар. ІІМ-де арнайы департамент бар. Сол департамент осындай жұмыстармен айналысады. Меніңше, олар (заң бұзған полицейлер) сатқындар. Біз олармен көп сөйлеспейміз. Дәлелдер болса, теріс қылық үшін жұмыстан шығарылады", - деп жауап берді ведомство басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу