Депутат атанудан үмітті ең жас кандидат Павлодар облысында тіркелді

Ол – 2003 жылы туған азамат.  

Депутат атанудан үмітті ең жас кандидат Павлодар облысында тіркелді Фото: google

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттар депутаттығына үміткерлердің орташа жасы – 42 жас екенін айтқан болатын. ОСК дерегінше, ең жас кандидат Павлодар облысында, ең егдесі Астана қаласында тұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жалпы, Павлодар облысы бойынша барлығы 688 кандидат ұсынылып, 595 үміткер тіркелді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, Павлодар облыстық №23 бірмандаттық округ бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты атануға 17 азамат ниет білдірді. Бұл ретте 12 кандидат өзін-өзі, бес үміткерді саяси ұйымдар ұсынды. Тіркеу процесі барысында үш азамат өтінішін кері қайтарып алды. Ал екі тұрғын тиісті құжаттарын толық көлемде тапсырмағандықтан, тіркеуден өткен жоқ. Сөйтіп, бірмандаттық округ бойынша Төменгі палата депутаттығына барлығы 12 азамат кандидат ретінде тіркеу куәлігін алды. 

Ал облыстағы 16 сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың мандатын иеленуге 71 тұрғын ниет білдірді. Олардың 48-і – өзін-өзі ұсынғандар, тағы 23 кандидат – партиялардың үміткерлері. Құжаттарды тексеру нәтижесінде 53 кандидат тіркеуден өтті. Облыстық мәслихатқа барлығы 6 саяси партия өз кандидаттарын ұсынды. Сонымен қатар, өңірге қарасты қалалардан 177, аудандарда 353 кандидат тіркелді. 

"Бұл ретте 49 кандидат тіркеу басталғанға дейін өтінішін қайтарып алғанын атап өткен жөн. Ал 36 тұрғынның ұсынған құжаттары толық болмағандықтан, өтініштері кері қайтарылды. Жалпы, бір депутаттық мандатқа орта есеппен 3 кандидат тіркеліп отыр", - деді Гүлнар Аманжолова. 

Бірмандаттық округ бойынша ұсынылған кандидаттардың қатарында 397 ер және 186 әйел адам бар.Үміткерлердің орташа жасы – 42 жас. Павлодар облысы бойынша депутат атануды қалайтын азаматтардың ең үлкені 72 жаста болса, ең жасы – 20-да. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу