Депутат Бас прокуратураға ҚазҰУ-дағы жер дауы туралы сауал жолдады

1040

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің өндірістік кешені ойын-сауық орталығына айналған.

Депутат Бас прокуратураға ҚазҰУ-дағы жер дауы туралы сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Дәурен Дүйсембинов Бас прокурор мен Білім және ғылым министрінен ҚазҰУ-дегі жер дауын тексеруді сұрады, - деп хабарлайды  inbusiness.kz .

Депутат Қазақ ұлттық университетіндегі жер дауы сияқты мәселелер басқа өңірде де кең етек алғанын айтып, өкілетті органдар бүкіл республика бойынша мемлекеттік университеттердің жылжымайтын мүліктерін түгендеу керек деген бастама көтерді. 

"Депутаттық сауалымыз Қазақстанның жоғарғы білімінің қара шаңырағы болған Қазақ ұлттық уинверситеті туралы болмақ. Жер құқығы бойынша сарапшы-заңгер Бақытжан Базарбектің мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылғы 30 қаңтардағы Алматы қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, университеттің жалпы көлемі 73,26 гектар жер пайдалану құқығына берілген. Ал енді 2017 жылғы 2 қазандағы Алматы қаласы әкімдігінің келесі қаулысы бойынша ұлттық университеттің жалпы жері үлестерге бөлініп, жер көлемі 72,48 гектар болып шыққан. Соның ішінде Ұлттық университеттің тікелей үлесін алатын болсақ, 71,40 гектар. Яғни, оқу орнының жалпы жер көлемі 1,8 гектарға азайған. Бұл орайда университетке тиесілі жер неге азайған деген сұрақ туындайды. Білім ордасында оқитын жастардың игілігіне арналған жер белгісіз біреулердің еншісінде кете бермек пе? Осы мәселеге кімдер жауапты деген сұраққа өкілетті органдарда әлі мардымды жауап болған жоқ", деген Мәжіліс өкілі Өскемендегі бассыздық туралы сөз қозғады.

"Мұндай жағдайлар тек Ұлттық университетпен ғана шектеліп жүрген жоқ. Еліміздің әр аймағындағы ЖОО-лардың жер телімдерінің жекеменшікке сатылып жатқанын, студент жастар тұратын жатақханалардың саны азайып, университет меншігіндегі оқу процестерін қамтамасыз ететін қосымша жылжымайтын мүлік обьектілерінің саудаға салынып жатқанын БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден, барлығын көріп-біліп отырған елдің аузынан естіп жүрміз. Мысалы, Шығыс Қазақстан мемлекеттік универсиеттінің бас ғимаратынан 10 қадам жердегі өндірістік шеберхана бүгін ойын-сауық орнына айналған. Құрметті Ғзиат Дәуренбекұлы, құрметті Асхат Қанатұлы! "Ақжол" фракциясының депутаттары Қазақ ұлттық университетінің жер аумағынан жер учаскелерінің бөлініп шығарылғаны қаншалықты заңды екенін тексеріп, заңсыздық орын алған жағдайда жауапты адамдарды және халқымыз қашан да ерекше құрметпен қарайтын білім ошақтарына қарап аузын ашып отырған тоғышарларды жауапқа тартуды, осындай тексеруді облыстарда орналасқан барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында да жүргізіп, нәтижесін бізге хабарлауды сұрайды", деді Дәурен Дүйсембинов.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу