Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қызылордада Ұлттық құрылтайдың секция отырысында бизнесті дамытудағы кедергілерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
"Несие жеңілдетілген мөлшерлемемен берілуі, яғни ол 8 пайыздан аспауы керек. Екінші деңгейлі банктер бүгінгі күні 20-25%-пен несие беріп жатыр. Бұлай біз кәсіпкерлікті дамыта алмаймыз. Осы мәселені шешетін болсақ, кәсіппен айналысуға ынта білдірген азаматтарға қолайлы жағдай қалыптасады", – деді Нұртай Сабильянов.
Депутаттың сөзінше, жаңа жылдан бастап күшіне енген Салық кодексін қайта қарау қажет. Нұртай Сабильянов жеке кәсіпкер жеңілдетілген декларация жүйесімен жұмыс істеп, заңды тұлға оның қызметін тұтынғанымен, шығындалады деген пікірде.
Бұдан бөлек ол "Ауыл аманаты" бағдарламасына тоқталды.
"Бағдарлама бойынша 5-7 жылға 2,5%-бен жеңілдетілген несие беріледі. Біз қаражат көлемін ұлғайтуды және қаражат алу кезінде кепілдік қою мәселесіне назар аударуды сұраймыз. Өйткені ауылдағы үйлердің құны төмен. Кепілге қоюға жарамайды", – деп атап өтті ол.