Ол бүгін депутаттық сауалын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
AMANAT партиясы фракциясының мүшесі "Ғылым Ордасының" құрамына енген Орталық ғылыми кітапхана, Қазақстан ғылымы тарихы музейі, археология және табиғат музейлері, сондай-ақ Ғылыми архивінің әлеуметтік сұрақтарын мәселе етіп көтерген.
– Келер ұрпаққа аманат етілетін баға жетпес мәдени және тарихи мұраның, ұлт жадысының сақтаушылары қазіргі таңда заманауи талаптарға сай техникалық базаның жоқтығы, білікті кадрлардың тапшылығы мен төмен жалақы секілді сұрақтарға тап болуда.
Бұл мекемелер – қарапайым мәдени орталықтар ғана емес, Қазақстан ғылымының, ұлттық тарихымыздың тірі куәгерлері, академиялық мұраны сақтаушы алтын қазына. Алайда ендігі дамуына кедергі келтіретін бірнеше жүйелі проблема бар.
Орталық ғылыми кітапхана. Кітап қоры – 5,8 миллион бірегей басылымды құрайды, оның ішінде XV-XVIII ғасырларға жататын 20 мың дана қолжазба, 100-ден астам тілдегі 900 мың ғылыми басылым бар. Бұл – елдің зияткерлік қазынасы! – деді депутат.
Жұлдыз Сүлейменова сөз арасында ғимараттағы ауа баптау жүйесі жұмыс істемейтінін, қыста суық, жазда ыстық болатынын жеткізді. Яғни, онда ылғалдылық деңгейі реттелмей тұр. Сондықтан, тарихи маңызы зор кітаптар үгітіліп, түбі ажырап, жоғалып барады.
– Мұндай қазынаны сақтап, оны зерттеу үшін білікті мамандар қажет. Кітапхана штатында небәрі 40 қызметкердің 20 жылдық тәжірибесі бар кітапханашылар 100 мың теңге жалақы алады. Елдегі кітапханашылардың жалақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді, алайда Орталық ғылыми кітапхана "Ғылым ордасы" қарамағында болғандықтан, бұл мекеменің қызметкерлеріне басқа кітапханалардағы жалақының өсуі таралмайды, – деп наразылық білдірді ол.
Осы жағдайларға байланысты кәсіби мамандар жұмыстан кетіп, музейді толыққанды ғылыми-ағартушылық мекеме ретінде дамытуға мүмкіндік болмай тұр. Ол "AMANAT" партиясы фракциясының бір топ депутатының атынан бірнеше ұсынысын айтты.
1. "Ғылым ордасы" кешенінің сақталуын қамтамасыз ету және оның одан әрі тұрақты қызметін дамыту мақсатында Үкімет арнайы жол картасын әзірлесін. Бұл жол картасына ғылыми архив, музей және кітапхананың статусы ғылыми мекеме ретінде бекітіліп, ғимараттарының инфрақұрылымын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар енгізілсін.
2. "Ғылым ордасы" құрамына енетін Ғылыми кітапхана, Ғылыми архив және Ғылыми мұражай қызметкерлерінің еңбегі ғылыми қызмет ретінде танылсын. Осыған сәйкес, олардың жалақысы, әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек жағдайлары ғылыми қызметкерлерге қойылатын талаптарға сай қарастырылып, тиісті қолдау шаралары жүзеге асырылсын. Сонымен қатар, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында сауықтыру жәрдемақысы мен басқа да әлеуметтік төлемдер жүйелі түрде қарастырылып, олардың тұрақты дамуы мен кәсіби өсуіне қажетті жағдай жасалсын.
3. "Ғылым ордасы" құрамына енетін Ғылыми архив пен Орталық ғылыми кітапхананың құжаттары заманауи талаптарға сай толық цифрландырылып, ғылыми мұрағаттардың қолжетімділігі мен сақталуын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылсын.