Депутат еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарауды ұсынды

393

Бүгінде азық-түлік себеті 43 түрлі азық-түлік атауынан тұрады. 

Депутат еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарауды ұсынды Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов азық-түлік себетін қайта қарауды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан елдің басты заңы арқылы өзін әлеуметтік ел деп жариялады. Оның ең басты байлығы деп адам, оның өмірі, құқығы және еркіндігі аталды. Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы есептік көрсеткіштердің минимализмнен тұтыну мен әлеуметтік қорғау стандарттарының базалық стандарттарына қарай қайта қаралуы керек деп есептейді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге тағайындалған жәрдемақыны белгілеуге негіз болып отырғандықтан, ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдістемесі өмір сүру сапасының базалық стандартына жауап беруі керек", - деді мәжілісмен.

Депутат қазіргі таңда азық-түлік себеті 43 түрлі азық-түлік атауынан тұратынын еске салды.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бұл бір тәуліктегі энергетикалық қажеттіліктің 2175 ккал қамтамасыз етеді. Азық-түлік санын 43-ке дейін төмендетуді негізсіз деп санаймыз. Себебі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы "Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы" № 503 бұйрығында 64 түрлі азық-түлік атауы белгіленген. Біз бұл көрсеткішті де аз және халықаралық стандарттарға жауап бермейді деп санаймыз. Біздің ел дамыған елдермен иық тіресуге ұмтылуы керек. Мәселен, Францияда бұл көрсеткіш 500-ден астам атаудан тұрады", - деді Асхат Рақымжанов.

Мәжіліс депутаты ЖСДП партиясы  республикадағы азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіп отыратынын жеткізді.

"Биылғы мамыр айының басында біздің есептеулеріміз бойынша азық-түлікке орташа алғанда 63 641 теңге кетеді. Сәйкесінше ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 710 теңге болуы тиіс. Статистика органдары басқа сандар беріп отыр", - деді Асхат Рақымжанов.

Сөзінше, мемлекеттік әлеуметтік қорғау саласына жаңа серпін қажет.

Депутат жаңа азық-түлік себетін құру үшін арнайы жұмыс тобын құру мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу