Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үкіметтің мәлімдеуінше, дәл қазір елімізде орташа жалақы – 423 мың теңгені құрайды деген мәлімдемесі ешқандай сенім ұялата алмайды. Мысалы, елімізде дәл қазір 3 миллион адам – небәрі 200 мың теңге жалақы алса, ал 1 миллион 800 мың азамат ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отыр. Сонда 423 мың теңге жалақыны кім алады?!", – деді депутат.
Оның айтуынша, елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр.
"Бұл – тым төмен әрі негізсіз көрсеткіш. Еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыспен қамтылған екен. Меніңше, пандемия уақытында 42500 теңгеден көмек алған – 4,5 миллион халықты әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз", – деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.
Сөзінше, ауыл тұрғындарының табысы қаламен салыстырғанда 2 есеге аз. Мәжілісмен 85 мың теңге жалақы алатындардың 1,2 миллионы – ауыл тұрғындары екенін баса айтты.
Айта кету керек, бұған дейін https://inbusiness.kz/kz/last/parlament-respublikalyk-byudzhettin-atkaryluy-turaly-esepti-bekitti Парламент республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіткенін жазған едік.