Елдің бас дәрігері Ақмарал Әлназароваға бағытталған депутаттық сауалында ол бұл мәселеге майшаммен қарамаса болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, инвазивті рәсімдердің санитариялық талаптарды сақтамай жүргізілуі, тіркелмеген препараттардың қолданылуы, сондай-ақ ауыр диагноздарды "емдеуге" уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі. Кей орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатады. Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, "аңқау елге арамза емші" дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалатындар да кездеседі.
Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді, – деді депутат.
Оның сөзінше, Қазақстанда "дәстүрлі қытай медицинасы" атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі мазмұны жағынан медициналық қызметке жатады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензияны, тиісті біліктілікті әрі нақты талаптарды сақтауды қажет етеді. Десе де, шағымдар көптеген нысанда бұл талаптардың іс жүзінде орындалмайтынын көрсетіп жатыр.
– Негізгі қауіп – пациент қауіпсіздігі: антисанитария, стерильділік стандарттарының бұзылуы, медициналық қалдықтарды дұрыс жоймау және инвазивті рәсімдерді қауіпсіздік хаттамаларынсыз жүргізу туралы сигналдар жиілеген. Сонымен бірге "препарат/дәрумен/қоспа" ретінде ұсынылатын өнімдердің тіркелуі мен таңбалануы күмән тудырады, ал онлайн-жарнамада ауыр диагноздарды "емдеуге" уәде беру фактілері пациентті жаңылыстыру тәуекелін күшейтеді. Кей нысандардың "тез ашылып, қысқа мерзімде жұмыс істеп, жабылып/көшіп кетуі" жоспарлы тексерудің шектеулерін көрсетіп, тәуекелге негізделген бақылауды және ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажеттігін айқындайды, – деп ашынады Аманжол Әлтай.
Осыған байланысты халық қалаулысы бірқатар нақты ұсыныс та айтты.