Серік Шайдаровтың айтуынша, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарынан азаматтар жаппай көшіп жатыр.
– Бұл түптеп келгенде аймақтар арасындағы әлеуметтік және экономикалық теңсіздікке ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Әсіресе шекаралас аймақтардағы елді мекендерде халық аз қоныстанса, – деді ол.
Депутат 2010-2020 жылдар аралығында Ақтөбе облысы, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларына көптеп көшкенін мысалға келтірді. Қазір бұл аймақтарда жалпы халықтың 36%-ы тұрады.
– Инфрақұрылымның тозуы мен жұмыс орнының жоқтығы аймақтардағы миграциялық процесті жеделдететінін түсіну керек. Сондықтан алдағы уақытта аймақтарда жұмыс орындарын ашу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту орталық және жергілікті биліктің басты міндетіне айналуы қажет, – деп қосты Шайдаров.