Депутат қайырымдылық ұйымдары туралы: "70 мыңнан аса азаматтың ақшасы "жалған көмекке" кеткен"

214

Наурыз айында 138 банк картасы түрлі мақсаттарға күмәнді алымдарға тартылды. 

Депутат қайырымдылық ұйымдары туралы: "70 мыңнан аса азаматтың ақшасы "жалған көмекке" кеткен" Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Динара Наумова қайырымдылық және еріктілер ұйымдарының қызметін реттеуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі таңда елімізде мұқтаж жандарға шынайы жанашырлықпен көмек көрсетуге дайын көптеген қайырымдылық және еріктілер ұйымдары жұмыс істейді. Бірақ та, олардың лайықты беделін қоғамның сенімін асыра пайдаланатын және тек жеке пайдасын көздейтін алаяқтар бұзады. Осы жылдың наурыз айындағы Қаржы мониторингі агенттігінің деректеріне сәйкес, 138 банк картасы түрлі мақсаттарға күмәнді алымдарға тартылды, ал 70 мыңнан астам қазақстандық өз ақшаларын жалған көмекке жіберді. Қайырымдылық мақсатта жиналған сома – 6 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңгеде алаятық белгілері бар", - деді Мәжіліс депутаты өзінің депутаттық сауалында.

Динара Наумованың сөзінше, қаскүнемдер жиналған қаражатты басқа мақсаттарға пайдаланған. 

Депутат анықталмаған алаяқтық фактілердің нақты саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін екенін жасырмады.

"Әр түрлі платформаларда қаржылай көмек сұрап, өзгелерден қол ұшын созуын сұрайтындар қатары өсіп келе жатқаны байқалады. Алайда осы қарқынды теріс пиғылда пайдаланатын алаяқтардың қызметіне қатысты алаңдаушылық туындайды. Бұл адамдар өзгелердің аяушылық сезімін оятып, қаржылай көмек жолдауы үшін қолдарынан келгенше түрлі амал-тәсілді қолданады. Сондай-ақ қайырымдылық қаражаты жиналатын қораптарды тексеру мүмкіндігінің болмауы қаражаттың пайдаланылуын бақылауды қиындататынын да ескеру маңызды. Бұл мақсатты емес шығындарға әкелуі мүмкін және ақшаның жәрдем күткен мұқтаж жандарға жетуін қиындатады", - деп жалғастырды ол. 

Халық қалаулысы қайырымдылық саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында қолданыстағы заңнама түзетулер қажет деп есептейді. 

"Қайырымдылық ұйымдарының қызметін үйлестіретін, реттеудің бірыңғай стандарттарын белгілейтін және қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығына кепілдік беретін бірыңғай реттеуші орган құру керек. Қайырымдылық ұйымдары мен олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ осы саладағы жосықсыз практикаға тиімді қарсы тұруға ықпал ететін бірыңғай онлайн-платформа қажет", - деді Мәжіліс депутаты Динара Наумова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу