Депутат "Қаладан – ауылға" деген бағдарламаны қолға алуды ұсынды

Аманжол Әлтайдың сөзінше, қоғам тарапында ауылды кемсіту әлі бар. 

Депутат "Қаладан – ауылға" деген бағдарламаны қолға алуды ұсынды Фото: Абзал Қалиев

Халық қалаулысы ең бірінші ауылдық жердегі баспана мәселесін шешу керек деп есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– "Қаладан – ауылға" деген бағдарлама керек бізге. Жастарды қаладан ауыл тарту үшін не істеу керек? Осының бір стратегиялық ұзақ мерзімді жоспарын жасауымыз қажет. Әрине, жастар бару үшін ең бірінші баспана мәселесін шешу керек. Қазір ауылдағы көпбалалы аналар секілді арнайы санаттарды мемлекет есебінен баспанамен қамту тәжірибесі бар. Ол дұрыс. Енді бізге ауылға көшіп барған немесе ауылдағы жас мамандарды баспанамен қамтудың жолдарын қараған дұрыс, – деді ол. 

Аманжол Әлтай сөз арасында елді мекендерде медициналық мекемелердің техникамен жабдықтау мәселесіндегі қарама-қайшылықтарға тоқталып өтті. 

– Ауылды кемсіту бар бізде. Оған бірнеше дәлел айтуға болады. Мысалы, денсаулық сақтау саласында "жедел жәрдем" көліктері бірінші облысқа бөлінеді. Облыстан сәл ескіргендерін аудандарға береді. Аудандар әбден жүруге жарамай қалған, анау Кеңес заманындағы, "металлолом" болып қалған көліктерді көзалдау қылып ауылдарға береді. Қай ауылға барсаңыз да, дәрігерлер науқасты аудан орталығына жеткізе алмай жанталасып жүргенін көресіздер, – деп қоса кетті депутат. 

Осыған дейін inbusiness.kz сайты "Жастарды ауылға апарудың тиімді жолы табылды" деген тақырыпта зерттеу мақала жариялаған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу