Депутат Қарақат Әбденге харассментке ұшыраған студенттерден 100-ден аса хат келген

329

Ол харассментке қатысты анонимді сауалнаманы университеттерде тәуелсіз түрде жүргізуді ұсынып отыр.

Депутат Қарақат Әбденге харассментке ұшыраған студенттерден 100-ден аса хат келген Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден харассментке қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу кезек күттірмей шешетін мәселеге айналды. Елді елең еткізген соңғы хабарлар қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Жеке өзіме әртүрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түсті", - деді Қарақат Әбден.

Депутат жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысқанын, бұл салада кемшіліктердің болғанына көз жеткізгенін айтты. 

"Еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы орын алғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ", - деп жалғастырды ол.

Мәжіліс депутаты харассментке қатысты анонимді сауалнаманы республиканың барлық ЖОО-ларында тәуелсіз түрде өткізуді ұсынып отыр.

"Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрам мен барлық студент қыздарға харассментке қатысты заңнамалық-құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, барлық жоғары оқу орындарының Жарғысына харассмент туралы нақты ережелер енгізуді сұраймыз", - деп атап өтті Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу