Депутат киік санын реттеу туралы: "Құзырлы органдар "азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты"

509

Ақбөкен популяциясын шектеу шараларын орындау жаппай қыру дегенді білдірмейді. 

Депутат киік санын реттеу туралы: "Құзырлы органдар "азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты" Фото: uralskweek.kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин өзінің депутаттық сауалында айтты. Халық қалаулысы Ұлытау облысы бойынша "Охотзоопром" қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өткен жылдан бері "киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі" деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекеттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді. Алайда құзырлы орындар "азайту дегенді аяусыз қыру" деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы "Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел, іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған", - деді депутат.

Мәжілісмен сайғақтардың популяциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей реттеу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар ол "Охотзоопром" ӨБ" қызметкерлерінің бұл әрекетіне құқықтық баға берілуі керек жөн деп санайды. Сөзінше, аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармаған.

"Регламент бойынша ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден, ақбөкендердің популяциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек. Үшінші және ең бастысы ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмау керек", - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу